АртқаҚұқықтық ақпарат

Лицензиялық келісім



1. Терминдер мен анықтамалар.

1.1. Осы лицензиялық келісім (бұдан әрі – Келісім) аясында төмендегі терминдер мынадай мәндерде қолданылады.

1.1.1. bro car сервисі (Сервис) — көлік қызметтеріне, көлік құралын басқару қызметтеріне, курьерлік қызметке және басқа да қызметтер мен жұмыстарға деген ықтимал сұраныс туралы ақпаратты Пайдаланушыға тегін орналастыруға, ал Серіктеске Пайдаланушы құрған Тапсырыстарды қарауға және орындау үшін оларды қабылдауға мүмкіндік беретін, электрондық есептеуіш машиналар мен деректер базаларына арналған бағдарламалар жиынтығы.

1.1.2. Қызметтер — Сервис арқылы тапсырыс берілетін, Серіктестер ұсынатын қызметтер, жұмыстар.

1.1.3. Қызметтер құны — Қызмет көрсеткені үшін Пайдаланушы Серіктеске төлейтін ақша сомасы.

1.1.4. Тапсырыс — Қызмет көрсету қажеті туралы мәліметті қамтитын және Қызмет түріне байланысты белгілі бір параметрлері болатын, Мобильді қолданбаға орналастырылған ақпарат.

1.1.5. Серіктес — осы Келісім шарттарын қабылдаған және соның негізінде Тапсырыстар туралы ақпаратқа рұқсат алу мақсатында, Мобильді қолданбаны пайдалану құқығына ие болған тұлға.

1.1.6. Пайдаланушы — Сервис арқылы қызметке тапсырыс беретін жеке немесе заңды тұлға.

1.1.8. Жеке шот — Серіктестің аванстық төлемдері тіркелетін және Мобильді қолданбаны пайдалану құқығын бергені үшін ақы ретінде ақша алынатын шот.

1.1.9. Жеке шоттың балансы — Белгілі бір уақытта Жеке шотқа енгізілген және Жеке шоттан алынған ақша сомалары арасындағы айырма.

1.1.10. Авторизацияланған мобильді қолданба (Мобильді қолданба ) — белгілі бір қызметтер көрсету бойынша тапсырыстар іздеуге, ол тапсырыстарды орындау үшін қабылдауға және қызмет көрсету барсы туралы Пайдаланушыны хабардар етуге арналған, мобильді құрылғыға орнатылатын bro car driver ЭЕМ арналған бағдарлама.


2. Жалпы ережелер

2.1. Осы Келісім «EVERY CAR» ЖШС (БСН: 230840032579) (бұдан әрі — bro car) ЭЕМ – Мобильді қолданбаға арналған бағдарламаны пайдалану құқығын беру тәртібін анықтайды.

2.2. Келісім лиценциялық шартқа жатады, оған Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 966-бабында белгіленген ережелер қолданылады.

2.3. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 389-бабына сәйкес осы Келісім қосылу шартына жатады және Интернет желісіндегі https://bro-car.com/ мекенжайындағы bro carсайтына электронды түрде орналастырылған келісім шарттарына қосылу арқылы жасалады. Келісімде сипатталған тіркеу процедурасынан өткен тұлға Келісім шарттарын тұтас қабылдаған боп саналады, ал бұл әрекет осы құжатта көрсетілген шарттарға сай азаматтық-құқықтық шарт жасасқанмен пара-пар.

2.4. Тіркеу процедурасын өтпей тұрып, Келісім мәтінін мұқият оқып шығыңыз. Қандай да бір шартпен келіспесеңіз, Мобильді қолданбаны пайдаланудан бас тартуыңыз керек.

2.5. Осы келісім шарттарын қабылдау, Интернет желісіндегі https://bro-car.com/ сайтында орналастырылған құпия деректерді өңдеуге қатысты bro car Саясатымен келісетінін білдіреді.

2.6. Серіктес осы Келісім шарттарын қабылдай отырып, осы Келісіміді орындау аясында өзі рұқсат алған ақпаратты өз бетінше, өз мүддесіне сай және жауапкершілік ала отырып пайдаланатынын түсінеді. Серіктес Мобильді қолданбаны кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланса, сәйкес талаптар болған жағдайда, Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде тіркелуге, сондай-ақ мыналарды қоса алғанда, бірақ олармен ғана шектелмей, сәйкес қызметтер түрін көрсету саласындағы қызметті реттейтін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы талаптарын орындауды қамтамасыз етуге тиіс: Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі, 2010 жылғы 4 мамырдағы «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының № 274-IV заңы, 2014 жылғы 16 мамырдағы «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының № 202-V заңы, 2014 жылғы 17 сәуірдегі «Жол жүрісі туралы» Қазақстан Республикасының № 194-V заңы, 2003 жылғы 4 шілдедегі «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының заңы, 2015 жылғы 26 наурыздағы Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. «Автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» № 349 бұйрығы, қауіпсіздік техникасы және еңбекті қорғау қағидалары мен нормалары және Қазақстан Республикасының өзге нормативтік құқықтық актілерінің ережелері.



3. Келісім мәні

3.1. Осы Келісім шарттарына сәйкес, bro car Келісімде белгіленген тәсілдермен жай (айырықша емес) лицензия шарттары бойынша Серіктеске Мобильді қолданбаны пайдалану құқығын беруге, ал Серіктес Келісімде белгіленген тәртіппен және мөлшерде bro car-ға сыйақы төлеуге міндеттеледі.

bro car такси ақпараттық-диспетчерлік қызметі емес және Тапсырыстарды Серіктестер арасында бөлмейді, Тапсырыстардың орындалуына бақылау жасамайды, такси ақпараттық-диспетчерлік қызметтің өзге функцияларын атқармайды. bro car тапсырыстарды орындау үшін Серіктестерді тағайындамайды, Серіктес қандай да бір тапсырысты алу туралы шешімді өзі қабылдайды.

3.2. Мобильді қолданбаны пайдалану құқығы берілетін аумақ – Қазақстан Республикасының аумағы.



4. bro car кепілдіктері

4.1. bro car кепілдік береді:

4.1.1. Осы Келісім бойынша өз міндеттемелерін орындау үшін жеткілікті құқығы бар екеніне;

4.1.2. Тараптардың Келісімді орындауы үшінші тұлғалардың зияткерлік құқығын бұзбайтынына;

4.1.3. Серіктестің Келісімде көрсетілген шарттарға сай Мобильді қолданбаны пайдалануына кедергі келтіруі мүмкін қандай да бір шартпен байланысты емес екеніне;

4.1.4. Серіктестің Келісімде көрсетілген шарттарға сай Мобильді қолданбаны пайдалануын мүмкін емес ететін қандай да бір әрекеттерді жасамағанына және жасамайтынын кепілдік береді.


5. Мобильді қолданбаны пайдалану тәсілдері мен тәртібі

5.1. Серіктес Мобильді қолданбаны Тапсырыстарды орындау процесін сүйемелдеу және Қызметтер көрсету мақастында ғана пайдалана алады. Серіктестің Мобильді қолданбаны пайдалануға қатысты кез келген әрекеті жоғарыда көрсетілген мақсаттарға сай болуы керек.

5.2. Серіктестің:

5.2.1. Мобильді қолданбаны толық немесе ішінара өзгертуге, жаңғыртуға, көшіруге, қайта өңдеуге (аударманы қоса алғанда), таратуға (сатуды, прокатты, жалға беруді т.б. қоса алғанда) жария етуге немесе модификациялауға;

5.2.2. Декомпиляциялауға, дизассемблерлеуге, шифрды ашуға, сондай-ақ Мобильді қолданба мен оның ішіндегі алгоритмдерге санкцияланбаған рұқсат алуға мүмкіндік беретін, осы Келісімде тікелей көрсетілмеген тәсілмен пайдалану мақсатында, Мобильді қолданбаның және оның компоненттерінің объектілік кодын өзге тәсілмен алуға тырысуға;

5.2.3. Мобильді қолданба жұмысын тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттер жасауға, Мобильді қолданбаны немесе оның жабық бөлімдерін (оның ішінде bro car-ға ғана рұқсат берілген бөлімдерді) басқаруға санкцияланбаған рұқсат алуға талпыныс жасауға, сондай-ақ осыған ұқсас басқа кез келген әрекеттерді жасауға;

5.2.4. Мобильді қолданбаны пайдалану үшін берілген құқықтарды, оның ішінде логин мен құпиясөзді сублицензиялық келісім жасау арқылы немесе өзге тәсілмен үшінші тұлғаларға беруге;

5.2.5. Өзге әрекеттерді жасауға немесе осы Келісімде тікелей көзделмеген өзге тәсілмен Мобильді қолданбаны пайдалануға құқығы жоқ.


6. Мобильді қолданбада тіркелу тәртібі

6.1. Мобильді қолданбаны пайдалану үшін тіркеуден өту қажет. Серіктес Интернет желісін пайдалана отырып, Мобильді қолданба немесе bro car сайты арқылы өзі тіркеледі.

6.2. Мобильді қолданбада тіркелу осы Келісім шарттарына толық әрі сөзсіз қосылуды білдіреді.

6.3. Тіркеу кезінде bro car көрсетілген мәліметтердің шынайылығын растайтын құжаттар ұсынуды талап етуі мүмкін.

6.4. Тіркеу не тіркемеуді bro car шешеді. Тіркеу үшін қажет құжаттар мен ақпаратты ұсыну, bro car сөзсіз тіркейді дегенді білдірмейді.

6.5. Мобильді қолданбаға авторизацияланған рұқсат беру үшін қажет сәйкестендіру нөмірі (логин) мен құпиясөз беру арқылы тіркеу процедурасы аяқталады.
bro car пайдаланушының сәйкестендіру нөмірі (логин) мен құпиясөзді тіркеу кезінде көрсетілген ұялы телефон нөміріне жолдайды. Серіктеске өзі алған логин мен құпиясөзді кез келген өзге үшінші тұлғаға беруге, сондай-ақ Серкітеске тиесілі емес логин мен құпиясөзді пайдалануға тыйым салынады. Серіктес әрекет жасамағанын дәлелдемеген болса, Мобильді қолданбада авторизациядан өткен (логин мен құпиясөзді көрсеткен) тұлға жасаған кез келген әрекет, сол Серіктес жасаған әрекет болып саналады.

6.6. bro car тіркеу кезінде сұрататын дербес деректер мен құжаттар ұсынылатын мәліметтердің шынайылығын тексеру үшін ғана қажет және тіркеу аяқталған соң bro car оларды сақтамайды.

6.7. Серіктестің көрсететін қызмет түріне байланысты, bro car Мобильді қолданбада тіркелген тұлғалар туралы, оларды сәйкестендіруге мүмкіндік бермейтін және олардың дербес деректеріне жатпайтын кейбір деректерді сақтайды және пайдаланады. Атап айтқанда, bro car мына деректерді сақтайды:

6.7.1. Пайдаланушы аты. Пайдаланушы аты ретінде жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген деректерге сәйкес жеке тұлғаның аты көрсетіледі (тегі мен әкесінің аты көрсетілмейді). Ұлттық тілдердің біріндегі айтылымы-жазылымы қиын есімдердің бірі болса, транслитерациядағы есімі ретінде бұл тұлғаның Қазақстан Республикасы аумағында қолданылатын атын көрсетуге болады.

6.7.2. Автокөліктің маркасы, түсі, автокөлікті мемлекеттік тіркеу нөмірінің цифрлық бөлігі (Серіктес ұсынатын қызмет түрінде көлік құралы пайдаланылса);

6.7.3. Тіркеу кезінде көрсетілген ұялы телефон нөмірі.

6.8. Серіктес логин мен құпиясөзді басқа тұлғаға берді деп пайымдауға негіз болса, bro car Серіктестенжеке басты куәландыратын құжаттарды, сондай-ақ Серіктестің суретін (фотосуретін) қайта сұрата алады. Логин мен құпиясөздің Серіктеске нақты тиесілігін тексеру кезеңі мен негізін bro car Серіктеспен келіспей-ақ өзі анықтайды.Тексеруден соң bro car Серіктес ұсынған деректерді сақтамайдыжәне оларды қалпына келтіру мүмкіндігінсіз жойып жібереді.

6.9. Серіктес Мобильді қолданбада тіркеле отырып, 2013 жылғы 21 мамырдағы «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» Қазақстан Республикасының № 94-V заңының ережелеріне сәйкес, келісімін алу қажет болған жағдайларда өзінің дербес деректерін өңдеуге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңында келісімін алу қажеттігі көзделген мақсаттар мен жағдайларда ақпараттық хабарламалар, оның ішінде телефон байланысы арналары бойынша, интернет-мессенджер (Viber, WhatsApp, Telegram т.б.) хабарламалары арқылы осындай хабарламалар мен ақпарат алуға келісімді қоса алғанда кез келген тәсілмен жарнамалық ақпарат алуға келісімін береді.

6.10. Серіктес Мобильді қолданбада тіркеле отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексі 145-бабының 1-бөлігіне сәйкес, Тапсырысты қабылдап алған тұлға туралы ақпарат құрамында Пайдаланушыға ұсыну үшін bro car-ғаөз суретін (фотосуретін) жария етуге және пайдалануға келісімін береді.


7. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

7.1. bro car құқылы:

7.1.1. Серіктестен Мобильді қолданбаны осы Келісімде көзделген тәртіппен және тәсілдермен пайдалануды талап етуге;

7.1.2. Мобильді қолданбаны пайдалану құқығын беру туралы үшінші тұлғалармен, оның ішінде Мобильді қолданбаны пайдалану құқығы Серіктеске берілген аумақта осы Келісімге ұқсас шарттар жасасуға;

7.1.3. Серіктестің дербес шотының балансы нөлдік немесе теріс мәнге ие болса, Серіктестің Мобильді қолданбаны пайдалану құқығын тоқтата тұруға;

7.1.4. bro car Мобильді қолданба арқылы алынған ақпараттың заңға қайшы пайдаланылғанын растайтын құжаттар алса, Серіктестің Мобильді қолданбаны пайдалану құқығын тоқтата тұруға құқылы. Серіктестің бұзушылық жасау фактісі анықталған, заңды күшіне енген сот шешімдеріне, қаулыларға сүйене отырып, Мобильді қолданбаны қолдану құқығы тоқтатыла тұрады. Көрсетілген құжаттар түпнұсқа түрінде немеес сәйкес сот растаған көшірмелер түрінде ұсынылуы керек. Серіктес анықталған бұзушылықтарды жойғанға дейін Мобильді қолданбаны пайдалану құқығы тоқтатыла тұрады.

7.1.5. Серіктес Мобильді қолданбада орналастырылған Сервистің жұмыс істеу қағидаларын және/немесе осы Келісім шарттарын бірнеше рет және/немесе өрескел бұзса, Серіктестің Мобильді қолданбаны пайдалану құқығын тоқтата тұруға немесе тоқтатуға;

7.1.6. Сапаны ішкі бақылау мақсатында Серіктеспен телефон арқылы әңгімелесуді жазып алуға;

7.1.7. Мобильді қолданбаға техникалық қызмет көрсету және оның жұмысына өзгерістер енгізу бойынша регламенттік жұмыстар жүргізуге құқылы. Бұл жұмыстарды жүргізу кезінде Мобильді қолданба жұмысы шектелуі мүмкін;

7.1.8. Пайдаланушы Серіктес автокөлігінің салонында затын қалдырып кетсе, жоғалған затты тезірек қайтару үшін Пайдаланушыға Серіктестің телефон нөмірін беруге;

7.1.9. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына және осы Келісімге қайшы келмейтін басқа да әрекеттерді жасауға құқылы.


7.2. bro car міндетті:

7.2.1 Серіктеске Мобильді қолданбаны пайдалану құқығын беруге, Мобильді қолданбаның жарамдылығын қамтамасыз етуге;

7.2.2. Регламенттік жұмыстар жүргізу жағдайларын қоспағанда, осы Келісімнің қолданылу мерзімі бойы Мобильді қолданбаның іркіліссіз, үзіліссіз жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етуге;

7.2.3. Серіктестің Жеке шотындағы төлемдерді уақытылы есепке алуға;

7.2.4. Серіктес ұсынатын ақпаратқа санкцияланбаған рұқсат алу, ол ақпаратты тараптардың құқықтық қатынастарына тікелей қатысы жоқ тұлғаларға беру әрекеттерін уақытылы анықтап, алдын алуға;

7.2.5. Серіктес туралы ақпаратты оның келісімінсіз өзгертпеуге және редакцияламауға міндетті.


7.3. Серіктес құқылы:

7.3.1. Мобильді қолданбаны осы Келісімде көзделген тәртіппен және тәсілдермен пайдалануға;

7.3.2. Техникалық және консультациялық қызмет көрсетуді қоса алғанда, осы Келісім шарттарына сәйкес Мобильді қолданбаны пайдалану құқығын беруді bro car-дан талап етуге құқылы.


7.4. Серіктес міндетті:

7.4.1. Осы Келісімде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде bro car-ға сыйақы төлеуге;

7.4.2. Қабылдап алған Тапсырысты оның шарттарына сәйкес орындауға;

7.4.3. bro car ұсынған есептік деректер өзгерсе, сондай-ақ Тапсырыстарды орындауға мүмкіндік бермейтін мән-жайлар туындаса, бұл туралы дереу bro car-ға хабарлауға;

7.4.4. Мобильді қолданбада авторизациядан өту үшін қажет деректердің (логин мен құпиясөздің) сақталуын қамтамасыз етуге, сондай-ақ өз логині мен құпиясөзін пайдалана отырып, Мобильді қолданбада үшінші тұлғалардың авторизациядан өтуін болдырмау үшін барлық шараларды қолдануға;

7.4.5. Тапсырыстарды орындау кезінде Мобильді қолданбаның сәйкес бөлімдерінде орналастырылған міндетті нұсқаулар талаптарын басшылыққа алуға және оларды орындауға міндетті;

7.4.6. Серіктеске әлдекімге беру үшін немесе төлем терминалдарын пайдаланып, шотқа салу үшін қолма-қол ақша тасымалдауды қабылдап алуға, сондай-ақ Пайдаланушының өтініші бойынша қолма-қол емес ақша аударымдарын жасауға, банкоматтан ақша алып, оны әлдегімге беруге тыйым салынады.



8. Қызметтер құнын анықтау тәртібі

8.1. Қызметтер құны нақты тапсырыс параметрлеріне (көлік құралының түрі, тасымалдау қашықтығы, тасымалданатын жүк түрі, салмағы, көлемі, тиеу-түсіру жұмыстарының уақыты т.б.), сондай-ақ Серіктес қызмет ететін өңірде қалыптасқан ұқсас қызметтердің орташа құнына байланысты автоматты түрде анықталады.

8.2. Қызметтің есептелген құны Серіктес өзі қойған құнға сәйкес келмесе, Серіктес Тапсырысты қабылдамауға құқылы.

8.3. Серіктестің Тапсырысты қабылдап алуы Серіктестің ұсынылған қызмет құнымен толық әрі сөзсіз келіскенін білдіреді. Серіктес Тапсырысты қабылдап алған соң Қызмет құнын біржақты өзгертсе немесе қабылдап алған Тапсырысты орындамаса, bro car Серіктеске қатысты Мобильді қолданбаны пайдалану мүмкіндігі тоқтатуға дейінгі айыппұл санкцияларын салуға құқылы.

8.4. Пайдаланушы Қызметтер құнын бағаны өсіру жағына қарай өзгерте алады.


9. bro car сыйақысы

9.1. Мобильді қолданбаны пайдалану құқығын бергені үшін Серіктес осы Келісімде белгіленген шарттарға және мөлшерге сәйкес bro car-ға сыйақы төлеуге міндеттеледі.

9.2. Мобильді қолданбаны пайдалану құқығын бергені үшін сыйақы мөлшері Серіктес табысының (түсімінің) пайыздық аударымдары түрінде анықталады.

9.3. Сыйақы мөлшері Серіктес Мобильді қолданбада қабылдап алған Тапсырыс туралы ақпаратта көрсетіледі.

9.4. Сыйақы мөлшерін bro car біржақты белгілейді. Серіктес Тапсырысты қабылдап алмай тұрып сыйақы мөлшерін көріп алуы керек, ол көңілінен шықпаса, мұндай Тапсырысты орындаудан бас тартуы керек. Серіктестің Тапсырысты қабылдап алуы оның көрсетілген сыйақы мөлшерімен келіскенін білдіреді.

9.5. Сыйақы Серіктес өзі белгілеген мөлшерде Жеке шотына ақша салу арқылы алдын ала төлем жүйесі бойынша төленеді.

9.6. Сыйақы Тапсырысты қабылдау кезінде Серіктестің Жеке шотынан сыйақы мөлшеріне тең мөлшерде ақша алу арқылы төленеді.

9.7. Жеке шот банк карталарынан, терминалдардан bro car-дың есеп айырысу шотын ақша аударып, аванстық төлемдер енгізу арқылы толықтырылады.


10. Тараптардың жауапкершілігі

10.1. bro car-дың жауапкершілігі:

10.1.1. bro car Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз міндеттемелерін орындауға жауап береді;

10.1.2. bro car өзінің техникалық құралдарының жарамдылығы мен дамуын сүйемелдеу қажетінен туындаған, жабдықты, бағдарламалық жасақтаманы ауыстыруға немесе басқа да регламенттік жұмыстарды жүргізуге байланысты Мобильді қолданба жұмысында болатын толық немесе ішінара іркілістерге жауап бермейді;

10.1.3. bro car өзіне тиесілі емес бағдарламалық жасақтаманың немесе жабдықтың ақауы кезіндегі Мобильді қолданба жұмысындағы іркілістер үшін жауап бермейді;

10.1.4. bro car залалды, оның ішінде Серіктес үшінші тұлғаларға, оның ішінде Пайдаланушыларға келтірген алынбай қалған пайданы өтеу жөнінде қандай да бір міндеттемелерді өз мойнына алмайды;

10.1.5. bro car үшінші тұлғалардың, оның ішінде Пайдаланушылардың кез келген әрекеті салдарынан Серіктестке келтірілген қандай да бір залал үшін, оның ішінде алынбай қалған пайда үшін Серіктес алдында жауап бермейді.


10.2. Серіктестің жауапкершілігі:

10.2.1. Серіктес Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз міндеттемелерін орындауға жауап береді;

10.2.2. Серіктес тиісті түрде қызмет көрсету үшін, сондай-ақ өзі келтірген кез келген залал үшін, оның ішінде Пайдаланушының мүлкін жоғалтқаны немесе бүлдіргені үшін Пайдаланушы алдында өзі жауап береді.

10.2.3. Серіктес Тапсырысты орындауға байланысты әрекеттер үшін де, оған байланысты емес әрекеттер үшін де үшінші тұлғаларға келтірген зала үшін жауап береді.
Бұл ретте bro car дауларды тезірек шешу мақсатында Серіктес пен Пайдаланушы арасында арағайындық қызмет атқара алады.

10.2.4 Серіктестің (оның жұмыскерлерінің және/немесе контрагенттерінің) тиісті түрде қызмет көрсетпеуі салдарынан bro car Пайдаланушының пайдасына қандай да бір төлем жасаса, Серіктес осыған байланысты bro car көтерген шығындарды өтеуге міндеттеледі. Бұл өтемақы Серіктестің Жеке шотынан ақша алу арқылы төленеді.

10.2.5. bro car жасағаны үшін айыппұл санкцияларын көздейтін әрекеттерді Серіктес жасаса, Серіктестің жеке шотынан bro car пайдасына көзделген санкция шегінде ақша алынады. Бұзушылықтар мен санкциялар тізімі Мобильді қолданбада көрсетілген. Қаражат жеткіліксіз болса, есептік кезеңде есептелген айыппұл санкциялары Серіктестің жеке шоты толықтырылғанда бірінші кезекте өтелетін Серіктестің дебиторлық берешегі болады.


11. Еңсерілмейтін күш мән-жайлары

11.1. Еңсерілмейтін күш әсері Тараптарды жауапкершіліктен босататын негізге жатады. Бұл тармақтағы еңсерілмейтін күш деп Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 359-бабында көрсетілген мән-жайларды айтады.

11.2. Еңсерілмейтін күш әсеріне ұшыраған тарап еңсерілмейтін күш әсері туындағаны туралы, оның түрі, ықтимал ұзақтығы және нақты қандай міндеттерді орындауға кедергі келтіріп тұрғаны туралы екінші Тарапты жазбаша түрде дереу хабардар етуге міндетті.

11.3. Еңсерілмейтін күш әсеріне ұшыраған және ол туралы екінші Тарапты хабардар етпеген Тарап жауапкершіліктен босататын негіз ретінде еңсерілмейтін күш әсерін кейін арқау ете алмайды.


12. Дауларды шешу тәртібі

12.1. Тараптар келісімге байланысты туындауы мүмкін кез келген дау мен келіспеушілікті бейбіт жолмен, келіссөз арқылы шешу үшін барлық шараны қолдануға міндеттеледі.

12.2. Кінәрат-талапқа жауап беру мерзімі және даулар мен келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешуге бағытталған құжаттарды ұсыну мерзімі, Тарап осындай кінәрат-талапты алған сәттен бастап және көрсетілген құжаттарды ұсыну қажеттігі туындаған сәттен бастап 7 (жеті) жұмыс күнінен аспауы керек.

12.3. Тараптар туындаған даулар мен келіспеушіліктерді келіссөз арқылы шеше алмаса, даулар мен келіспеушіліктер bro car-дың орналасқан жері бойынша сотта шешілуге тиіс.


13. Осы Келісімге өзгертулер енгізу

13.1. bro car сәйкес өзгерістерді өзінің сайтында жариялау арқылы осы Келісімге өзгерістерді біржақты енгізеді. Көрсетілген өзгертулер олар сайтта жарияланғаннан күннен бастап 7 (жеті) күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

13.2. Осы Келісімдегі кез келген өзгертулер күшіне енген сәттен бастап Мобильді қолданбаны пайдаланатын барлық тұлғаға, оның ішінде өзгертулер күшіне енбей тұрып Мобильді қолданбаны пайдалана бастаған тұлғаларға да тарайды. Серіктес енгізілген өзгертулермен келіспесе, Мобильді қолданбаны пайдалануды тоқтатып, бұл туралы bro car-ды хабардар етуге тиіс.


14. Зияткерлік меншік

14.1. Серіктестің көлік құралына bro car-дың жарнамалық материалдары орналастырылған болса (авто көлікті брендтеу), Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы талаптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Серіктеске ол жарнамамен бір мезгілде өзге элементтерді, жазуларды, тауар белгілері мен символдарды орналастыруға тыйым салынады.


15. Арнайы шарттар

15.1. Келісім Мобильді қолданбаға қатысты айырықша құқықтардың Серіктеске ауысатынын білдірмейді.

15.2. Келісім Тараптардан орындалған жұмыстардың екі жақты актісін жасауды және оған қол қоюды қажет етпейді.

15.3 Серіктес Пайдаланушыларға жеңілдік жасау түріндегі маркетинг науқандары мен өзге де ұқсас іс-шараларды өз қалауынша өткізуге bro car-ға келісім береді. Бұл ретте мұндай жеңілдік жасауға қатысты Серіктестің шығындарын bro car өзінің сыйақысы мөлшерін соған сай азайта отырып, толық көлемде өтейді.

15.4. Тараптар арасында жасалған жеке шартта өзгеше көзделмесе, келісім шарттары Мобильді қолданбада тіркеуден өткен барлық тұлғаға қатысты қолданылады. Тараптар арасында жеке шарт жасалған болса, Тараптардың құқықтық қатынастарына сол шарттың талаптары қолданылады.